26 март 2017 йил
booked.net
+12
°
C
+12°
+
Шымкент
Четверг, 06
Прогноз на неделю
1991 йил 1 апрелдан чиқа бошлаган Туркистон вилоятининг ижтимоий-сиёсий газетаси
Биз ижтимоий тармоқдамиз:
+7(7252) 53-93-17, 53-92-79. janubiy@inbox.ru
+ 7(747) 701-50-55
+ 7(747) 701-50-55
АЭС салу- энергиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді

 Өзім Кентау қаласынан сайланған депутат ретінде соңғы екі жыл көлемінде Кентаудағы Жылу Энергоорталығының қыс ауасында халыққа үздіксіз жылу бере алмай тұрғындардың әбігерге түскенін өз көзіммен көрдім. Электр қуаты өшіп қалған сәтте насостардың суды айдай алмай бүкіл қоқыстар трубаларға жиналып бітеп тастады. Жылу Орталығы мамандары трубаларды ішінара кесіп тазалауға мәжбүр болды. Әсіресе биылғы қыстың кезінде көп қабатты үйде тұратындар әбден бүрсеңдеді. Сонымен не керек, осы мәселені зерделеуді бастадым.

 Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларындағы басты мақсат- халықтың табысын арттырып, әділетті азаматық қоғам құруды көздейді. Биылғы Жолдаудағы 9 бағыттың бәрі бірінен-бірі асқан маңызды. Нақтылықпен айтылған әрбір түйір сөздің орны бөлек,міндеті айқын. 

  Энергия үнемділігі күн тәртібінен түспейтін, оны өзімізде өндіру қажеттігі туындағаны қашан?!. Әні-міне деп уақыт та зырғып өтуде,жұртшылыққа жұмыс орындарын ашып беріп, жұмыссыздықпен күресудің жолы өзімізде электр энергиясын өндіру.

 Электр энергиясы-өндіріс- жұмыспен қамту-табысты арттыру төрттаған ғана бізді тығырықтан алып шығады. Әлемде Ядролық энергетика жетекші өндірістік салаға айналғаны белгілі. Атом электр станциясы атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғы. Қазіргі таңда ғылым ядро энергиясынан электр тогын тікелей турбинасыз электргенераторынсыз алу жолдарын, термоядролық энергияны игеру зерттеуде.    

 Біріккен Ұлттар Ұйымының қанаты астында МАГАТЭ – Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік ядролық электр энергиясы нарығын зерттеп, әлемнің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге жұмыс жасауда.

Осы ұйымның деректеріне сәйкес, қазір жер жүзіндегі 30-дан астам мемлекетте 200 ге жуық атом электр станциялары жұмыс жүргізеді. Осы станциялардың ядролық реакторларымен барлығы 430дан аса энергоблок пайдаланымда болып, олардың жалпы бекітілген қуаты 391 878 МВт-ты құрайды. Аталған реакторлар әлемдегі электр қуатына деген қажеттіліктің 10 пайызын ғана жабады екен. Оған қоса, жер жүзінде тағы 54 ядролық реактордың құрылыстары басталған. 

Әлем елдері бойынша ең көп энергоблок АҚШ-қа тиесілі. Американдықтар барлығы 94 энергоблоктың құрылысын жүргізіп, іске қосқан. Екінші орынға – Француз Республикасы табан тірейді. Мұнда 56 энергоблок қызмет атқарып, әлем бойынша атом электр станциялары өндірген энергоқуаттың ең көп үлесін пайдаланушы мемлекетке айналып отыр. Қытайда да 56 энергоблок бар. Бүгінгі күнге Францияның ішкі энергобалансындағы барлық энергоқуаттың 70,6 пайызын АЭС өндірген электр энергиясы құрайды. Жапония көп жылдар бойы әлемдегі атом электр қуаты бар алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарын түйіндеп, өзінің ішкі электр энергиясына деген қажеттіліктің 30 пайызын атом электр станцияларында өндірілген қуатпен жабады. 

Посткеңестік елдердің ішінен Ресей Федерациясы пайдалануындағы 36 энергоблокпен сегізінші орында. Ядролық электр станцияларындағы ректорлардың кең тараған түрі – бұл өте жоғары қысымдағы су астындағы реакторлар. Осы тәсілмен жұмыс істейтін энергоблоктардың саны 300-ге жуықтайды. Boiling water reactor (BWR) деп аталатын реакторлардың тағы бір түрі ішкі қайнау тәсілімен жұмыс істеп, одан пайда болған бу турбинаға бағытталып, қуат генерациясы іске асады. 

Қазір бүкіл әлемде электр қуатына деген сұраныс артқан. Техника мен технологияның қарыштап дамуы, жаңа генерациялардың іске қосылуын талап етеді. Электр қуатын өндіруде дамыған елдер салған жолмен дамушы мемлекеттер де адымдап қадам басып келеді. Мәселен, Жапония – 2, Франция – 1 энергоблоктың құрылысын жүргізуді бастаған. 

Халқының саны еселеп артып бара жатқан Үндістан 7 энергоблоктың құрылысын жүргізуді қолға алды. 

Осы мемлекеттердің қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Словакия, Тайвань да электр қуатына деген тапшылықты еңсеруде әрқайсысы екі энергоблоктан салуды қарқынды түрде іске асыруда. Соғыс отымен шарпылған Украинаның өзінде 2 энергоблоктың құрылысы жүргізілуде. Финляндия, Бразилия, Белоруссия, Аргентина мемлекеттері де АЭС салуға сенімді түрде қадам басты. 

Египетте мемлекет тарихындағы алғашқы АЭС-тың құрылысы жалпыұлттық жоба ретінде халқын біріктірді. Түркиядадағы 4 энергоблоктан тұратын алғашқы «Ақкая» атом электр станциясы осы мемлекеттің стратегиялық мәні бар жобасы ретінде айқындалып, ұлттың үміті болып бекіген. Биылғы жылдың маусым айында бізбен ежелден еншілес мемлекет Өзбекстан да атом электр станциясын салу жөніндегі ұстанымын жариялап, бұл бағытта кешенді жұмыс бастайтынын мәлімдеді.

Жерінің көлемі жөнінен дүниежүзінде 9-орын алатын Қазақстан үшін энергетикалық тәуелсіздікті қамту – ең әуелгі міндет. Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан еліміздің біртұтас энергожүйесін түзу – стратегиялық басымдыққа ие мәселе. Бүкіл жер шары көлемінің 2 пайызын, Азия құрлығының 6,1 пайызын алып жатқан Қазақстан әлемдегі ішкі құрлықтық мемлекеттердің ең ірісі болып табылады. Осыншама аумақты алып жатқан мемлекеттің теңгерімді энергетикалық дамуын қамтамасыз ету – оңай шаруа емес.

Энергетика саласының мамандары жүргізген талдауларға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанның электр қуатына деген қажеттілігі 28,2 гигаватты құрамақ. Электр энергиясын өндірудің қазіргі қолданыстағы қуаты, оның ішінде 4 гигаватт көлеміндегі іске қосылатын жаңа генерация көздерін қоса есептегенде, 22 гигаватт қана болмақ. Тапшы болатын 6 гигаватт энергияны басқа мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр болмақпыз.

Айта кетуіміз керек, Қазақстан көп жылдан бері энерготапшылық ахуалын бастан өткеріп келеді. Ішкі сұраныс артатын қысқы кезеңдерде электр энергиясын Ресейден импорттауға тура келіп отыр. Мәселен, 2023 жылы елімізде 112,8 млрд. кВт. сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 115 млрд. кВт. сағатқа жеткен. Жетіспейтін 2,2 млрд. сағат көлеміндегі электр қуатын Ресейден алуға мәжбүр болдық.

Энергетикетер мұндай тапшылық көлемі алдағы уақытта еселей беретінін ескертіп, дабыл қағуда. Бұл жерде мына мәселеге де назар аударып, ескеруіміз тиіс деген ойдамын. Бізде сұраныс төмендеу болған кезеңде, өзімізде өндірілген электр қуатының артық бөлігін экспортқа шығаруға болады. 

Сұраныс төмен болғанда баға төмендейтіні, сұраныс артқанда құн да өсетіні – экономиканың бұлжымас заңы. Сұраныс жоғары кезде, қуат тапшылығын айқын сезіне бастағанымызда электр энергиясын Ресейден сатып алып отырмыз. Былтырғы жылы импортталған электр қуатының көлемі 2,2 млрд. кВт. сағатқа жетті.

Еліміздегі электр энергиясының тапшылығы туралы сөз болғанда, ең алдымен, оңтүстік өңірлерін электр қуатымен қамтудағы күрделі ахуал айтылады. Қазақстанның 7 өңірі оңтүстік аймаққа жатады, оның ішінде ірі өндіріс орындары шоғырланған 2 мегаполисіміз бар. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент және Алматы қалаларында тұратын жалпы халық саны 9 млн. 959 мың адамды құрайды. Қазақстан халқының тең жартысы оңтүстік өңірлерде тұрады. Осы аймақтарда қазірдің өзінде электр энергиясының жетіспеушілігі қатты сезілуде. Мәселені реттеуде Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйелерін басқарушы компания солтүстіктен – оңтүстікке транзиттік желісінің жүктемесін арттырған.

Транзиттік желінің жүктемесін арттыру – бұл уақытша ғана амал. Ол отандық электр энергетикасындағы күрделі ахуалды түбегейлі шешіп, күн тәртібінен алуға мүмкіндік бермейді. Транзиттік жүктелімнің артуы желілерде авариялық жағдайлардың да жиі туындауына себеп болмақ. Өкінішке қарай, 2022 жылдың қаңтар айында солтүстік-оңтүстік желісінің Балқаш транзиттік желісінде автоматты өшіру жүйесі іске қосылып, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Түркістан, тіпті шекара асып Бишкек, Ташкент қалалары жарықсыз қалды. Бұл біз үшін алғашқы дабыл болды.

Энергетика мамандары бұл сектордың дамуы экономикамен қатар жүруі керектігін айтады. Мәселен, экономиканың дамуы өндіріс қуатының артуына тікелей байланысты болса, өндірістік әлеуеттің дамуы энергетикалық кешеннің өрістеуімен қатарласа жүруі тиіс. Біз мына жағдайды ескеруіміз керек, таяу жылдары жағдай оңалмайтын болса, электр қуатының тапшылығына байланысты шектеулерді ең алдымен өндіріс орындары сезе бастайды. Кәсіпкерлер электр қуатымен жабдықтау компанияларынан рұқсат ала алмай әуре-сарсаңға түсетін болады. Электр қуатын көп талап ететін жабдықтарды іске қосуға рұқсаты болмай, қиындықтарға тап болмақ. Осы мәселені бүгіннен бастап ойлауымыз қажет. Экономиканың цифрлы технологияларға көшуі де қарқын алып келеді. Электр энергиясының көмегінсіз цифровизация да жүзеге аспайтыны анық.

Қазақстанның энергетикалық кешеніндегі негізгі активтер тозу шегіне жеткені белгілі. Еліміздегі жылу электр станцияларының 55 пайызы және гидроэлектростанциялардың 68 пайызы соңғы отыз және одан да көп жылдардан бері пайдаланылуда. Екібастұз, Рудный, Риддер станцияларында орын алған авариялық ахуалдар тозу шегінің қандай деңгейге жеткенін білдіреді. Еліміздегі барлығы 37 жылу электр орталықтарының 19-ы – қызыл деңгейде, 11-і – сары деңгейде болса, небәрі 7-уі ғана – жасыл деңгейде деп бағаланған. ЖЭО жабдықтарының орташа тозу көрсеткіші 66 пайызды құраса, Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау жылу энерго орталықтарының тозу деңгейі 80 пайызға жеткен. Биыл қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүріп жатыр

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, жаңа генерация қуатын арттыруда қолданыстағы электростанцияларды қайта құрылымдаудан өткізу, Ақсу ГРЭС-інде №7 блокты іске қосу, Қарағанды ЖЭО-3-те қазандық құрылысын жүргізу және турбина қою,  Karabatan Utility Solution ЖШС-нің бу-газ жабдығын кеңейту, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда және Шымкент қалаларында газ станцияларының құрылысын жүргізу, Жезқазғанда жаңа ЖЭО салу, республиканың әр аймақтарында газ және көмір генерациясын беретін барлығы 18 жобаны іске асыру, Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында ЖЭО құрылыстарын жүргізу жоспарлаған. Байқап қарасаңыз, бұл жұмыстардың ауқымы кең. Мақсатты іс-шаралар электроэнергетика саласындағы ахуалды біршама жақсартуға көмегін бергенімен, жыл өткен сайын сұраныс көлемі артып бара жатқан қажетті электр қуатын өндіру мәселесін түпкілікті шеше алмайды.

Кең байтақ жеріміз баламалы энергетика көздерін дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Табиғи жолмен қайта қалпына келетін энергокөздері ретінде елімізде күн және жел электроэнергетикасын өркендетуге болатыны жөнінде талайдан бері айтылып жүр. Бұл бағытта болашағынан үміт күттіретін көп жобалар қолға алынып, іске асырылуда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қайта қалпына келетін энергия көздері бар жобаларымен 2,9 мың МВт электр қуаты өндіріліп, ол Қазақстанда тұтынатын барлық электр энергиясының 6 пайызын ғана жабуға мүмкіндік берді. Орталық және жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеде жел және күн электростанцияларын, кіші гидроэлектростанциялар, биоэлектростанциялар қоюға басымдық беріп келеді және олар алғашқы нәтижелерін де беріп отыр.

Прагматикалық көзқараспен қарайтын болсақ, баламалы энергетика көздері де сұраныстың бәрін түгелдей қамти алады деп нық сеніммен айта алмаймыз. Өйткені, табиғи жолмен қайта қалпына келетін энергокөздерінен қуат жинайтын жабдықтарды орналастырудың өзіндік тәртібі, техникалық шарттары бар. Мына жерге күннің сәулесі көп түседі немесе ана жерде желдің өті қатты соғады деген құрғақ желеумен қондырғыларды кез-келген жерге қоя алмайсыз. Қоршаған ортаның жағдайы жабдықтың техникалық шарттарына сәйкес келмесе, қуаттың өндірілуі көздеген мақсаттай болмайды. Оған біздегі құбылмалы келетін ауа райын, климаттың ерекшелігін, экологиялық ахуалды қосатын болсақ ар жағын түсіне беріңіз.Бұл мәселеге алдымен ғылыми ізденістер жүргізу, қолданбалы тәжірибелерді енгізу, зерттеу-зерделеуді іске асыру тұрғысынан қарауымыз қажет. Оның үстіне болжамдап жаңадан ашылуға дайын өндірістер ниеттеніп,үміттеніп отырған кәсіпкерлер легі тағы бар.

Еліміздің энергетикалық кешеніндегі ахуалды таразылаған Мемлекет басшысы, таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін екенін айтты. «Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді. Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін, Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында екенін айтқан Президент, біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіремізді, бұл – бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз екенін мәлімдеді. Артықшылығымызды пайдалануға шақырып, аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылауға үндеді. Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деген сенімін білдірді. Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды, деді Президент.

 Жуырда өткен Үкімет отырысында заманауи атом электр станциялары көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталатынына баса мән берілді. Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда, оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатыны айтылды. Сонымен қатар, шикізат базасы өзімізден шығатыны, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейтініне көңіл бөлініп, бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов партияның «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысу барысында АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа байланысты өз ойын білдіріп, жастар бұл мәселеге белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын жариялауы керек екенін атап өтті. «Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Демек АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет», – деді Ерлан Жақанұлы.

  Шынында да біз неден қорқамыз?. Атом электр станциясы бізге энергия импортына тәуелділікті жояды,кәсіпорындарүздіксіз жұмыс істейді, жаңа өндірісте жаңа жұмыс орындары ашылады,тариф төмендеп, өнімнің өзіндік құны төмендейді,бәсекеге қабілеттілік жоғарылайды, ең тиімдісі халықтың табысы артады.   Көздеген мақсат та осы емес пе?! Адамдар арасында естіп те, көріп те жүрмін көп адамдар ядролық жарылысты атом электр станциясымен шатастырып жатады. Өкпе жоқ, жұрттың бәрі ғалым не,сарапшы, не физик емес, қоғамда әртүрлі пікірлердің болуы заңдылық. 

Цифрландыру заманында өмір сүреміз, заманауи қондырғылар ақауларды көрсетіп тұрады,тек маманы болса болды шемішкедей шағатын. Бұл мәселені ғалымдардың еншісіне, халықтың өзіне қалдырайық. Көз –қорқақ, қол – батыр деген, тек ауызбіршілік қажет. 

Биылғы Жолдау нақты мақсаттарды орындауға жетелейтін баспалдақ. Іргетас пен баспалдақ мықты жерде Отанымыз-Қазақстанның келешегі мықты. 

Қалыйма Жантөреева, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, 2024-09-23, 21:38 1194
Сўнгги янгиликлар
Мавзуга оид янгиликлар


Газетанинг янги сони
Хамкорлар
Газета тарихи Давлат хариди Тахририят
Манзилимиз: 160000, Шимкент шаҳри, Тауке хан шоҳкўчаси, 6-уй, 3-қават.
Газета ҚР Маданият ва ахборот вазирлиги томонидан 2020 йил 21 апрелда рўйхатга олиниб, KZ34VPY00022503 гувоҳнома берилган.
Муассис--Туркистон вилояти хокимлиги.
Ношир--"Жанубий Қозоғистон"вилоят ижтимоий-сиёсий газетаси таҳририяти масъулияти чекланган биродарлиги.
©Нашримиздан кўчириб босилганида "Жанубий Қозоғистон газетасидан олинди", манбага юкланиши шарт. Ахборотдан парча олинганда ҳам ҳавола келтирилиши шарт. Ёзма рухсат берилмаса,материалларни тижоравий мақсадларда қўлланиш ман этилади. Барча ҳуқуқлар ҳимояланган.
©Мулк эгаси-"Жанубий Қозоғистон"газетаси.