Тарихи мұраның жаңаруы – ұрпаққа көрсетілген құрмет
Түркі жұртының рухани орталығы атанған Түркістан – тарихы терең, рухани мұрасы бай, әрбір тасы мен топырағы өткен дәуірлерден сыр шертетін қасиетті шаһар. Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени ескерткіштері қаланың ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани қазынасына айналған. Осындай құнды мұралардың бірі – Әлқожа ата кесенесі. Жуырда «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Тараз филиалы осы тарихи нысанда жүргізілген ғылыми-реставрация жұмыстарын аяқтады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей тапсырысымен жүзеге асқан қалпына келтіру жұмыстары екі айға созылды. Негізгі мақсат – тозығы жеткен кесененің сәулеттік келбетін сақтап, бүлінген тұстарын қалпына келтіру, тарихи нысанның ұзақ мерзім сақталуына жағдай жасау. Бұл – Түркістанның тарихи мұрасын қорғау бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі.
Тарихы терең, тағылымы мол қасиетті орын
Әлқожа ата кесенесі Түркістан қаласының тарихи-рухани кеңістігінде өзіндік орны бар ескерткіштердің қатарында. Халық арасында Әлқожа ата Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласы ретінде танылған. Яғни ол Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ананың күйеуі. Кесененің тарихы мен тұлғаның өміріне қатысты мәліметтер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ел жадында сақталып келеді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында орналасқан бұл нысан Түркістанға келген зияратшылар мен туристердің назарын аударатын тарихи орындардың бірі. Кесененің сәулеттік құрылымы, рухани маңызы мен халық жадындағы орны оның тарихи-мәдени құндылығын арттыра түседі. Сондықтан мұндай нысандарды қалпына келтіру кезінде тек сыртқы көрінісін жаңарту жеткіліксіз. Ең алдымен, тарихи болмысын сақтау, бастапқы сәулеттік ерекшеліктеріне нұқсан келтірмеу маңызды.
Әлқожа ата кесенесінде жүргізілген ғылыми-реставрация жұмыстары да осы талаптарды басшылыққа ала отырып атқарылды.
Ғылыми реставрация: әр кірпішке жауапкершілік
Уақыт өткен сайын көптеген тарихи нысандар табиғи әсерлерден тозып, кейбір бөліктері бүлініп жатады. Әлқожа ата кесенесінде де жөндеу-қалпына келтіруді қажет ететін тұстар пайда болған. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Қазқайтажаңарту» РМК-ның Тараз филиалы арнайы жұмыстарды қолға алды.
Кәсіпорынның бас директоры Олжас Шарияздановтың айтуынша, реставрация жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, тарихи нысанның сәулеттік ерекшеліктерін сақтауға басымдық берілген.
«Әлқожа ата кесенесіндегі ғылыми реставрация жұмыстары Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен жасалды. «Қазқайтажаңарту» РМК-ның Тараз филиалы қажетті құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде аяқтады. Қалпына келтіру жұмыстары әлемдік стандарттарға сай, тарихи нысанның тарихи-сәулеттік келбетін сақтай отырып жасалды», – дейді Олжас Шариязданов.
Реставрация барысында кесене қабырғаларындағы бүлінген кірпіштер толықтай ауыстырылды. Кірпіштердің жіктері қайта өңделіп, арнайы ерітіндімен толтырылды. Ғимаратты ылғалдан қорғау мақсатында іргетастың сыртқы бөлігіне гидрооқшаулағыш қабат төселді. Бұл шаралар кесененің құрылымдық беріктігін сақтауға және ылғалдың кері әсерін азайтуға бағытталған.
Қалпына келтіру жұмыстарының келесі кезеңі кесененің ішкі кеңістігін қамтыды. Үлкен зал – зияратхана интерьеріндегі қабырғалар, бағаналар, күмбездер мен аркалар мұқият тазаланып, қалпына келтірілді. Олардың беткі қабаты әк бояумен сырланды.
Кесененің көрхана бөлігінде де қажетті жұмыстар атқарылды. Сегіз қырлы құрылымның бағаналары мен күмбездері әктеліп, қалпына келтірілді. Сонымен қатар еденіне ескі үлгідегі кірпіш төселіп, жаңартылды. Мұндай шешім тарихи нысанның ішкі сәулеттік үйлесімін сақтауға мүмкіндік береді.
Айван бөлігіндегі тіреу ағаштары мен сәндік ағаш элементтері де назардан тыс қалған жоқ. Оларға лак жағылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған жұмыстардың барлығы кесененің әр бөлігін ретке келтіріп қана қоймай, оның тарихи-сәулеттік келбетін сақтауға бағытталды. Реставрация барысында қолданылған тәсілдер мен материалдар ескерткіштің ерекшеліктерін ескеруге негізделді.
«Бұл – біздің рухани ортамыз»
Әлқожа ата кесенесінің маңызын сол жерде ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде намаз оқып, тазалығын қадағалап жүрген жамағат өкілдері жақсы біледі. Солардың бірі – кесененің шырақшысы (жанашыры) Ертай Қожамұратұлы ақсақал.
Ақсақалдың айтуынша, Әлқожа ата кесенесі – Түркістан тұрғындары үшін рухани мәні ерекше, жамағаты қалыптасқан қасиетті орын. Ол мұнда жиырма жыл бойы тұрақты келіп, бес уақыт намазын оқып, кесененің тазалығына көңіл бөліп жүргенін айтады.
«Әлқожа ата Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласы болған. Бұл кесене бүгінде өзінің жамағаты бар маңызды орын. Көп жылдар бойы жамағатпен бірге осы кесенеде намаз оқып, тазалығын қадағалап жүреміз.
Кесене негізінен кеңес дәуірінде қирап қалған. Бірақ 2000 жылдары іргетасының үстінен мешіт қайта тұрғызылды. Сол уақыттан бері тұрғындар мен туристер жиі келетін орынға айналды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген туристердің көп бөлігі міндетті түрде Әлқожа ата кесенесіне соғады. Шетелдіктер мешітті көріп, тарихымен танысып кетеді. Соның ішінде Ахмет Ясауи университетінің ұстаздары, Түркиядан келетін ғалымдар жиі келіп тұрады.
Бірақ соңғы кездері кесене ескіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Соған арнайы қаржы бөлініп, «Қазқайтажаңарту» РМК жөндеу жұмыстарын жүргізді. Кесененің хәлі түзеліп, көркі арта түсті. Сол үшін жұмыс істеген жігіттерге көп-көп рақмет айтамыз!» – дейді Ертай Қожамұратұлы.
Шырақшының сөзінен кесененің жергілікті тұрғындар үшін тек тарихи ғимарат қана емес, күнделікті рухани өмірдің де бір бөлігі екені аңғарылады. Мұнда жамағат бас қосып, құлшылық етеді, зияратшылар тарихи орынмен танысады.
Ертай Қожамұратұлының ризашылық білдіруі – тарихи орынның жаңаруын көптен күткен жұртшылықтың көңіл күйін де аңғартса керек. Өйткені осындай ескерткіштердің сақталуы мен күтіп ұсталуы жергілікті халықтың да, сала мамандарының да ортақ жауапкершілігіне айналған.
Тарихи мұраны сақтау – үздіксіз жұмыс
«Қазқайтажаңарту» РМК-ның қызметі реставрация жұмыстарын аяқтаумен шектелмейді. Кәсіпорынның мәліметінше, Әлқожа ата кесенесінің жай-күйі алдағы уақытта да жіті бақылауда болады.
Бұл – тарихи ескерткіштерді қорғаудағы маңызды ұстаным. Себебі қалпына келтірілген нысанның ұзақ мерзім сақталуы үшін тұрақты бақылау, уақытылы күтім және қажет болған жағдайда тиісті шараларды қолға алу қажет.
Әлқожа ата кесенесіндегі қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау ісіне қосылған нақты үлес болды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы, «Қазқайтажаңарту» РМК мамандарының кәсіби еңбегі және кесененің күнделікті тыныс-тіршілігіне жауапты жандардың қамқорлығы бір арнада тоғысты.
Тарихи мұраны қорғау – өткенге құрмет көрсетумен қатар, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – бабалардан қалған құндылықтарды сақтап, олардың тарихын кейінгі буынға жеткізу.
Әлқожа ата кесенесінің жаңаруы да осы міндеттің бір көрінісі. Ғасырлардан жеткен рухани мұраның тарихи келбеті сақталып, келешек ұрпаққа аманат болып жетуі – баршамызға ортақ парыз.